Жаңалықтар

Astana Hub резиденті $1,3 млн-ға бағалау бойынша $260 мың инвестиция тартты

Инвестициялар
Қазақстандық Sagi стартап-жобасы жеке инвесторлардың 1,3 млн. долларға бағалауы бойынша 260 мың доллар инвестиция тартты. Жобаға "Hani" кофеханалар мен торттар желісінің негізін қалаушысы Нариман Шакабаев пен кәсіпкер Ержан Альмухамедов инвестиция құйған болатын. Sagi стартабының жетекшісі және негіздеушісі Жақсылық Еселбаев хабарлағандай, инвестициялардан түскен қаражат Қазақстан бойынша өнімді одан әрі дамытуға және масштабтауға жұмсалады.
Sagi - бұл мобильді қосымша, оның көмегімен пайдаланушы бір батырма арқылы сандық сыйлық немесе сандық сертификат жібере алады. Жақсылық Еселбаевтың айтуынша, бұл өнімді жасау идеясы оған карантин кезінде келді, кәсіпкерлер онсыз да шығынға ұшырап жатқан кезде тұтынушылар кейбір тауарлар мен қызметтерді сатып алудан бас тартып жатты. Стартаптың жаңа шешімі бизнеске 24/7 онлайн режимінде табыс табуға мүмкіндік береді.
Қосымшаны пайдалану үшін картамен байланыстыру қажет. Whatsapp, Telegram, Facebook, Instagram, Tinder сияқты мессенджерлер арқылы немесе қосымшаның өзі арқылы түрлі брендтердің сандық сыйлықтары мен сандық сертификаттарын жіберуге болады. Сыйлықтарды инкогнито (анонимді) түрде де беруге болады. Сонымен қатар, қосымшаның пайдаланушылары достары мен таныстарының қалайтын сыйлықтарының тізімін көре алады. Кірістірілген хабарландырулар маңызды күндерді (туған күн, үйлену тойы) еске салып отырады. Қазіргі кезде компания өзінің интернет-дүкенінің ассортиментін толтыру үшін жаңа серіктестермен келіссөздер жүргізуде.
Айта кетейік, Sagi стартап-жобасы Astana Hub IT-стартаптар халықаралық технопаркінің қатысушысы болып табылады. Технопарктің барлық қатысушылары салық жеңілдіктеріне ие болады. Салықтық жеңілдіктер қатысушыларды КТС, ҚҚС, ҚҚС тауарлар импортына, роялти салығы, ЖТС және резидент еместер үшін әлеуметтік салық сияқты салықтарды төлеуден босатады. Мемлекеттік қолдаудың осындай шарасы IT-компанияларға үнемделген қаражатты өз жобаларын дамыту үшін қайта инвестициялауға мүмкіндік береді.